«Ұлағат-2» балабақшасында 25 қазан – Республика күніне орай бүлдіршіндермен ашық ұйымдастырылған іс-әрекет өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – балаларға Республика күні мерекесінің маңызын түсіндіру, Қазақстан Республикасы туралы білімдерін кеңейту, мемлекеттік рәміздерді танып, құрметтеуге үйрету. Сонымен қатар, сұрақ-жауап арқылы балалардың ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамыту, сиқырлы сандықтағы суреттерді анықтау арқылы танымдық қызығушылықтарын арттыру, кубиктер арқылы құрастыру дағдыларын жетілдіру көзделді. Бүлдіршіндерді Отанын сүюге, елін құрметтеуге және патриоттық сезімге тәрбиелеуге ерекше мән берілді.
Іс-әрекет барысында балалар Қазақстан Республикасы туралы сұрақтарға жауап беріп, еліміздің мемлекеттік рәміздерімен танысты. Сиқырлы сандықтағы суреттерді қызығушылықпен анықтап, олардың мағынасын түсіндіруге тырысты. Ал кубиктер арқылы құрастыру тапсырмаларын орындау кезінде балалар өздерінің тапқырлықтарын, шығармашылық қабілеттерін және бірлесіп әрекет ету дағдыларын көрсетті.
Бүлдіршіндер танымдық ойындарға белсенді қатысып, өз ойларын жеткізуге, бір-бірін тыңдауға және ортақ тапсырмаларды орындауға дағдыланды. Мұндай іс-шаралар балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Республика күні – еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін дәріптейтін, ұлттық бірлік пен отансүйгіштікті насихаттайтын маңызды мереке. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар арқылы бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, елін сүйетін, саналы да тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруға үлес қосамыз.
25 қазан – Республика күні құтты болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!🇰🇿